Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі Қара теңіз акваториясында Каспий құбыры консорциумының теңіз терминалына бет алған танкерлерге қарсы жасалған шабуылдарға байланысты ресми мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
ҚР СІМ 13 қаңтарда Қара теңізде үш мұнай танкеріне ұшқышсыз ұшу аппараттары жасалған шабуылдарға айтарлықтай алаңдаушылық білдіреді, дей келе ведомствоның ресми өкілі Ерлан Жетібаев Қазақстан тарапы бірқатар еуропалық мемлекеттердің елшілерімен шұғыл кездесулер өткізгенін, сондай-ақ АҚШ және өзге де шетелдік серіктестермен байланыс орнатқанын жеткізді.
«Кездесулер барысында халықаралық құқық нормаларын қатаң сақтай отырып, көмірсутегін тасымалдаудың, соның ішінде теңіз жолдарындағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша қажетті шаралар қабылдаудың маңыздылығына ерекше мән бердік», – деп атап өтті.
СІМ өкілі Қазақстанның ешбір қарулы қақтығысқа қатысушы емес екенін және шабуылға ұшыраған танкерлердің барлық қажетті рұқсаттамасы болғанын атап өтті.
«Аталған танкерлердің талап етілетін сәйкестендіру жабдықтарымен толық қамтамасыз етілгенін ерекше атап өтеміз», – деді СІМ өкілі.
Ерлан Жетібаев соңғы уақытта мұндай оқиғалардың жиілеуі халықаралық энергетикалық инфрақұрылымның қауіпсіздігіне төнетін қатердің артқанын айта келе, серіктес елдерді бірлескен әрекетке шақырды.
«Осындай оқиғалардың алдын алу мақсатында алдағы уақытта серіктестермен тығыз өзара іс-қимыл жасап, бірлескен шаралар әзірлеу қажет», – деп түйіндеді ол.