Алматыда электронды күнделік жүйесіне қатысты дау қарқын алып, сотқа дейін жетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Мамандандырылған ауданаралық экономикалық сот қала мектептерін Kundelik.kz платформасынан BilimClass жүйесіне көшіруді уақытша тоқтатты.
2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсаны басталғанда мектептер жаңа платформаға өте бастаған. Бұл ата-аналар арасында наразылық туғызды, себебі ата-аналарға бұл жайында ешкім ескертпеген. Осылайша 300 мыңнан астам оқушы мен ата-ананың жеке деректерінің келісімсіз көшірілген.
Kundelik-тің де өз уәжі бар. Компания Алматының білім басқармасынан ынтымақтастықты тоқтату туралы ресми хабарлама алмағанын, ал Оқу-ағарту министрлігімен келісім 2030 жылға дейін күшінде екенін айтып отыр. 13 қаңтарда сот Kundelik-тің өтінішін қанағаттандырып, білім басқармасына балама жүйелерді енгізуге, деректерді өзге платформаларға көшіруге және BilimClass-пен келісімдер жасауға тыйым салды.
BilimClass компаниясы сотта өз ұстанымын қорғауды жалғастыратынын айтып, түпкілікті шешім әлі қабылданбағанын және мектептерде оқу процесі қалыпты режимде жүріп жатқанын мәлімдеді.