homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Депутаттар алкоголь сатуға тыйым салуды ұсынды

14.01.2026, 14:34

Мәжіліс депутаты Магеррам Магеррамов елдегі қылмыстың елеулі бөлігі алкогольдің кесірінен жасалатынын айтып, алкогольдік өнімдерді сату мен бақылау талаптарын қатаңдатуды ұсынды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

«Еліміздегі әр екінші кісі өлтіру, әр үшінші зорлау мен бұзақылық мас күйде жасалады. Сондай-ақ әр төртінші тонау, жол-көлік оқиғасы және отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылықтың жартысынан астамы алкогольдік масаң күйде тіркеледі», – деді ол Мәжіліс отырысында.

Мәжілісмен бұрын қолданыста болған, балалар мекемелері мен білім беру ұйымдарынан 100 метр радиуста алкоголь сатуға тыйым салатын норманы қайта енгізуді, сондай-ақ спирттік ішімдік сататын сауда орындарының санын шектеуді ұсынып отыр. Сондай-ақ, бөлшек саудада алкогольді кешкі сағат 20:00-ден кейін, ал дәмханалар мен мейрамханаларда 22:00-ден кейін сатуға тыйым салу, интернет арқылы сауданы толық шектеу бастамасын көтерді.

Айта кетейік, бұған дейін Ішкі істер министрлігі де алкогольді тек арнайы дүкендерде және шектеулі жұмыс режимімен сатуды ұсынған. Қазір елде 429 ауыл алкогольден толық бас тартқан. Ақтөбе облысында 33 ауыл, Қызылорда облысында 18 елді мекен ішімдіктен бас тартқан. Ал Атырау облысында арақ-шарап сатымайтын 53 ауылда соңғы екі жылда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмегені анықталды.