Мәжіліс депутаты Ерлан Барлыбаев 2024 жылға арналған декларациясында 528,6 миллион теңге көлеміндегі қосымша табысын көрсетіп, бұл қаражаттың қайдан түскенін журналистерге түсіндірді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Депутаттың айтуынша, ол Мәжіліске келгенге дейін шамамен он жыл бұрын бір бизнес нысанын сатып алған. 2024 жылы сол активті сатып, қомақты табыс тапқан.
«Шулап жатқандарына таңғалдым. Мұны мен осында келгенде тапсырған декларациямен салыстыру керек. Барлығы ашық қой. Оның үстіне мен өмір бойы бизнеспен айналысқан адаммын. Менде бұдан да ірі бизнес түрлері болған, оны да сатқанмын. Менің түсінігімше, адамдар табысқа қуануы керек. Ал бізде неге екені белгісіз шулап шыға келеді. Бәрі айналасындағылардың кедей болғанын қалайды. Бұл дұрыс емес», – деді депутат Мәжіліс кулуарында.
Ерлан Барлыбаевтың декларациясында көрсетілген 528,6 миллион теңге оның депутат ретіндегі ресми жалақысын қамтымайды. Ол Парламентте 2016 жылдан бері жұмыс істейді, 2021 жылы VII шақырылым Мәжіліс депутаты болып сайланған. Қазіргі уақытта «Ақ жол» партиясының мүшесі.