homepage
Фото: ашық дереккөзден

Сатыбалдының сыйы: элиталы қонақ үй мемлекет меншігіне өтті

14.01.2026, 12:39

Алматы қаласындағы Есентай өзенінің жағасында орналасқан қонақ үй мемлекет меншігіне өтті. Нысанды мемлекетке Қайрат Сатыбалды сыйға тартты. Бұл жайында Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның дерегінше, нысан сыйға тарту шарты арқылы берілген. Шартқа 2023 жылдың 1 тамызында қол қойылған. Құжатқа сәйкес, Бостандық ауданындағы Көктем-3 шағынауданында орналасқан, жалпы аумағы 9 461,6 шаршы метр болатын жылжымайтын мүлік мемлекет балансына өтті. 

Қайрат Сатыбалды 2022 жылғы наурызда шетелге ұшпақ болған сәтінде ұсталған. Сол жылдың 26 қыркүйегінде сот оны екі компанияға ірі көлемде залал келтіріп, қаржы жымқырғаны үшін 6 жылға бас бостандығынан айырды. 2023 жылы оған қатысты өзге де қылмыстық істер бойынша тергеу жалғасып, қылмыстық жолмен алынған табысты заңдастыру дерегі бойынша іс сотқа жетіп, Сатыбалды өз кінәсін мойындады.

2024 жылғы тамызда Өскемен қаласының №2 соты Қайрат Сатыбалдының жазан жеңілдету туралы өтінішін қарап, қанағаттандырды. Нәтижесінде қалған 3 жыл 3 ай 7 күн жазасы бас бостандығын шектеу түріне ауыстырылды. Осы уақыт ішінде ол мемлекетке ерікті түрде 700 миллиард теңгеден астам қаржы мен мүлік тапсырған.

Бұған дейін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қайрат Сатыбалдыдан мемлекетке қайтарылған коммерциялық жылжымайтын мүлік нысандарының құнын да жариялаған. Олардың қатарында Алматыдағы Kaisar Plaza сауда-офис орталығы, Kaisar Towers бизнес орталығы, DoubleTree by Hilton қонақ үйі, «АрСат», Maisat бизнес орталықтары, «Мегатау» сауда үйі, «Байсат» базары, сондай-ақ Астанадағы «Оптимум» бизнес орталығы бар.