homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Депутат: кинотеатрлар қазақ киноиндустриясын қанап отыр

14.01.2026, 11:34

Мәжіліс депутаты Елнұр Бейсембаев кинотеатрлар қызметіне қатысты депутаттық сауал жолдап, ірі кино желілерінің қазақстандық фильмдерге әділетсіз талап қойып отырғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Депутаттың айтуынша, нарықтағы үстемдікті пайдаланған ірі кинотеатр желілері прокаттың алғашқы күнінен бастап кассалық түсімнің 50 пайызын бірден алып қояды.

«Бұл пайдадан алынатын үлес емес, нақты жалпы кассалық түсімнен ұсталады. Режиссерлер мен продюсерлер кинотеатрлардың қысымынан қорқып, үнсіз қалуға мәжбүр. Себебі олар кинозал иелері жасанды түрде қалыптастырған монополиялық жағдайға тәуелді», – деді ол.

Елнұр Бейсембаевтың сөзінше, бұдан бөлек, фильм авторлары жарнама мен ілгерілетуге қосымша төлем жасауға міндеттеледі, ал кей жағдайда «көлеңкелі жарналардың» бар екені де айтылып жүр. Әсіресе, мемлекет қаржысына түсірілген фильмдерден де үлес ұсталуына депутат наразылық білдірді.

Мысал ретінде ол мемлекеттік бюджет есебінен түсірілген «QAITADAN» фильмін келтірді. Аталған картина прокатта 1 миллиард теңгеден сәл аса табыс жинаған, соның 550 миллион теңгесі кинотеатрларға кеткен. Ал фильм өндірісіне мемлекет небәрі 190 миллион теңге бөлген.

«Жеке кино желілері мемлекет салған қаржы толық қайтарылмай тұрып, одан бірнеше есе көп табыс алып отыр. Мұны әділ бәсеке деуге келмейді. Экран мен көрермен орнын ұсыну арқылы кинотеатрлар фильм жасаушылардан әлдеқайда көп табыс табады. Нәтижесінде фильмнің өз шығынын жабу үшін бюджеттен үш есе көп касса жинауы қажет. Мұндай жағдай қазақстандық киноиндустрияны тұншықтырып отыр», – деді депутат.

Оның пікірінше, дәл осы себептен Қазақстанда негізінен жеңіл комедиялар түсіріліп, тарихи, мәдени маңызы бар ірі жобалар аз. Себебі мұндай фильмдерге қажет қаржыны кинотеатрлар алып қояды.

Елнұр Бейсембаев қазіргі таңда отандық кино нарығы шектеулі топтың бақылауында екенін де атап өтті.

«Kinopark пен Kinoplexx елдегі барлық кинозалдардың шамамен 40 пайызын бақылайды. Ал Chaplin мен Cinemax мегаполистерде үстемдік етіп отыр. Бұл жағдай Бәсекелестікті қорғау агенттігінің және өзге де құзырлы органдардың назарын әлдеқашан аударуы керек еді», – деп түйіндеді мәжілісмен.