homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Cайлау туралы заңға өзгеріс енгізіледі

14.01.2026, 11:12

Қазақстанда сайлау заңнамасын өзгерту жоспарланып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәжіліс депутаты Снежанна Имашеваның айтуынша, бастаманың мақсаты – сайлау тәжірибесін ескере отырып, заңнаманың жекелеген нормаларын нақтылау және сайлау жүйесін жетілдіру. Конституциялық заң жобасын және оған ілеспе екі заң жобасын Үкімет әзірлеген.

«Бұл құжаттар сайлау кезіндегі рәсімдік мәселелерді жетілдіруге, президенттікке, Парламент пен мәслихат депутаттығына, әкім лауазымына кандидаттарға, сондай-ақ сайлау комиссияларының мүшелеріне қойылатын талаптарды күшейтуге, үгіт-насихат жүргізу тәртібін, әкімдікке кандидаттың сайлау қорын құру және пайдалану мәселелерін реттеуге бағытталған», – деді депутат.

Ұсынылып отырған өзгерістерге сәйкес, сыбайлас жемқорлық, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін сотталған адамдар сайлау комиссияларының мүшесі бола алмайды. Сонымен қатар, әкімшілік-аумақтық бірліктер өзгерген жағдайда сайлау комиссиялары мен олардың мүшелерінің өкілеттігін сақтау немесе тоқтату тәртібі нақтыланады.

«Аумақтық сайлау комиссиясы мүшесінің бала күтімі бойынша демалысқа, оқу демалысына шығуына байланысты өкілеттігін уақытша тоқтата тұруға және оның орнына уақытша мүше тағайындауға мүмкіндік беріледі. Сондай-ақ кандидаттың сайлау қорынан тыс қаржыландыру тартуына тыйым салынып, бұл талапты бұзғаны үшін жауапкершілік бекітіледі», – деп толықтырды Снежанна Имашева.

Сонымен бірге сайлау комиссиясы мүшелерінің өкілеттігін асыра пайдаланғаны және заң бұзғаны үшін жауапкершілік енгізіледі. Байқаушыларға қатысты жас шегі нақтыланып, бұл мәртебе тек 18 жасқа толған Қазақстан азаматтарына ғана беріледі. Әкімдерді сайлау кезінде кандидаттар бірдей дауыс жинаған жағдайда қайта дауыс беру тәртібін регламенттеу де ұсынылып отыр.

Бүгін Мәжілістің жалпы отырысында депутаттарды Парламент палаталарының арнайы комиссиясының құрамына енгізу мәселесі қаралады. Заңға сәйкес, барлық конституциялық заңдар Парламенттің екі палатасының депутаттары қатысатын тәртіппен қаралуы тиіс.