homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Шенеуніктер декларациясындағы ашық деректер неге қысқарды?

14.01.2026, 10:29

Қазақстанда мемлекеттік қызметшілер мен депутаттардың табыс және мүлік декларацияларында жарияланатын мәліметтер көлемі азайтылды. Бұл өзгеріс 2025 жылдың соңында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі бекіткен жаңа тізбе арқылы енгізілді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Жаңа тәртіпке сәйкес, енді декларацияларда декларант пен оның жұбайының аты-жөні, есепті салық кезеңі және салық салынатын табыстың жалпы сомасы ғана ашық көрсетіледі. Бұған дейін банк шоттарындағы қаражат, соның ішінде шетелдік банктердегі есепшоттар, дивидендтер, пайыздық табыс, мүлік сатудан түскен кірістер сияқты деректер де жарияланып келген.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің ресми жауабында бұл өзгерістер заңнама талаптарына сәйкестендіру мақсатында қабылданғаны айтылған. Ведомство бұрынғы тізбеде шетелдік банктердегі шоттар туралы мәлімет болғанын, ал қолданыстағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама бойынша қазақстандық лауазымды тұлғаларға мұндай шоттарды ұстауға тыйым салынғанын алға тартты.

«Бұрынғы тізбеде декларациядан алынатын мәліметтердің ішінде шетелдік банктердегі есепшоттар туралы деректер болған. Алайда сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға сәйкес, лауазымды тұлғаларға шетелде банк шоттарын ұстауға тыйым салынған», – деп түсіндірді агенттік.

2026 жылдың қаңтарында мемлекеттік органдардың ресми сайттарында 2024 жылғы табыс декларациясы жарияланды. Ашық деректерден кейбір жоғары лауазымды тұлғалардың өз табысын нөл деп көрсетіп, ал жұбайларының ондаған миллион, тіпті миллиардтаған теңге табыс жариялағаны белгілі болды. 

Президент Әкімшілігі басшысының орынбасары Ерболат Досаев 14 миллион теңге табыс көрсеткен, ал оның жұбайы 2,3 миллиард теңге табыс тапқан. Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы Ғизат Нұрдәулетов өзі табыс көрсетпеген, жұбайы 24,9 миллион теңге жариялаған. Президенттің көмекшісі Қуанышбек Есекеев табысын нөл деп көрсетсе, оның жұбайы 48 миллион теңге тапқан. Президенттің кеңесшісі Алексей Цой да табыссыз қалған, ал жұбайы 1 миллион теңге көрсеткен.

Президент Әкімшілігінің мемлекеттік инспекторы Батыржан Байжұманов 0 теңге табыс жариялаған, оның жұбайының табысы 2,6 миллион теңге болған.

Үкімет мүшелері арасында декларация тапсырғандардың бірі – вице-премьер, ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин. Оның жұбайы 2024 жылы 88,7 миллион теңге табыс тапқан, негізгі бөлігі бағалы қағаздар нарығындағы инвестициялардан түскен. Вице-министр Асан Дарбаев жұбайының 69,6 миллион теңге табысын көрсеткен, алайда кіріс көзі ашылмаған.

Қаржы министрлігінде декларацияны тек вице-министр Асeт Тұрысов тапсырған, ол 6,8 миллион теңге табыс жариялаған. Қорғаныс министрлігінде есеп берген жалғыз генерал – министрдің орынбасары Қаныш Абубакиров, оның табысы 34 миллион теңге.

Сыртқы істер министрлігінде декларацияны негізінен елшілер тапсырған. Қазақстанның Эстониядағы елшісі Алтай Көлгінов 2024 жылы табыс таппағанын көрсеткен, ал оның жұбайы Жанар Келімбетова 16,9 миллион теңге табыс жариялаған.