homepage
Фото: Ашық дереккөзден

ҚМА блогер Қайсар Қамзаның ізіне неге түскенін айтып берді

14.01.2026, 09:33

Блогер Қайсар Қамза қазақстандықтарды құмар ойын ойнауға үгіттеген. Қаржы мониторингі агенттігі осы айыппен оны халықаралық іздеуге жариялаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Агенттіктің мәліметінше, Instagram әлеуметтік желісінде 2,4 млн жазылушысы бар блогердің 182 мың АҚШ долларынан асатын криптоактивтері бұғатталған. 

Тергеу дерегіне сәйкес, Қайсар Қамза әлеуметтік желілердегі жеке аккаунттары арқылы қазақстандықтарды «Pinco» сайтында тіркеліп, құмар ойындарға қатысуға үгіттеген. Ол осы мақсатта тікелей сілтемелерді, графикалық элементтерді және үндеу сипатындағы бейнематериалдар мен жарияланымдарды жүйелі түрде орналастырып отырған. Сондай-ақ, бейнероликтер астында пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокод көрсеткен.

Бұған дейін блогер Қазақстанда іздестіріліп жатқанына таңқалып, Instagram желісінде жазба қалдырған. 

«Кімнің ала жібін аттап қойдым? Бүкіл ел, дүйім жұрт болып іздейтіндей қылмыскер сияқты емес едім ғой. Әблязов секілді етіп шығарып қойғандары ше?» – деді блогер.

Агенттік ақпаратынша, заңсыз жолмен алынған кірістерді жасыру үшін блогер криптоәмиянды пайдаланған. Тергеу амалдары жалғасып жатыр.