homepage
Фото: depositphotos.com

Мектептегі өлім: оқушыға үкім шықты

13.01.2026, 16:35

Тараз қаласындағы мектепте қатарласын сабап өлтірген жасөспірімге үкім шықты. Ол 6 жыл, 8 ай түрмеде отырады. Бұл туралы Жамбыл облыстық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап Juzmedia.kz. хабарлайды.

Қайғылы оқиға 2025 жылдың қыркүйек айында Тараздағы мектептердің бірінде болған. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, екі оқушы мектеп дәретханасында төбелескен. Салдыранан бір оқушы оқиға орнында көз жұмған еді. 

Сотта 9-сынып оқушысы денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіріп, абайсызда өлімге әкеп соқтырды деген айыппен жауапқа тартылды. Айыпталушы кінәсін ішінара мойындады. Жәбірленуші тарап моральдық зиян үшін өтемақы талап етті. Нәтижесінде сот айыпталушыны 6 жыл 8 айға бас бостандығынан айырды, ал оның заңды өкілдерінен жәбірленушілер пайдасына 10 миллион теңге моральдық өтемақы өндірілді.

Үкім әзірге заңды күшіне енген жоқ.