Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі “INVIVO” зертханалар желісінің қызметін тексере келе, компания нарықтағы өзге бәсекелестеріне қысым көресткенін анықтады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Агенттіктің мәліметінше, INVIVO-мен жұмыс істеген кәсіпкерлер шарт бұзылғаннан кейін, 24 ай бойы басқа бәсекелес зертханалармен келісім жасаса алмайды деп шарт қойған. Соның салдарынан нарықтағы елдің 16 қаласындағы зертханалық қызмет нарығындағы кәсіпкерлер зиян шеккен.
Монополияға қарсы органның ескертуінен кейін, компания бұл шектеуді алып тастады. Енді нарықтағы 143 кәсіпкерлік нысан еш кедергісіз қызметін жалғастыра алады.
Бұған дейін сот Солтүстік Қазақстан облысында Ресей темір жолдарының бөлімшесі бағаны негізсіз көтергені үшін айыппұлға тартқаны хабарланған. Компания вагон таразыларына метрологиялық қызмет көрсету тарифін нарықтағы орташа деңгейден жоғары белгілеген. Сот шешімімен филиал 1,88 млн теңге айыппұл төлеп, 7,3 млн теңге заңсыз табысы мемлекет пайдасына өндірілді. 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап тариф 28% төмендетілді.