homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Тұрғын үй нарығында үш жылдық рекорд жаңарды

13.01.2026, 15:10

Тұрғын үй нарығында сауда қыза түсіп, әсіресе, Астана мен Алматы қалаларында баспана сату-сатып алу соңғы сегіз жылда болмаған белсенділікті көрсетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz. DATA HUB деректеріне сүйеніп. 

Ең үлкен серпіліс желтоқсан айында байқалды. Астанада бір айдың ішінде шамамен 11,7 мың тұрғын үйді сату-сатып алу мәмілесі тіркелген. Бұл қараша айымен салыстырғанда 32 пайызға, ал 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 18 пайызға көп. Мұндай көрсеткіш елордада 2018 жылдан бері алғаш рет тіркеліп отыр. 

Жыл қорытындысында Астанада 93,5 мың мәміле жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 22 пайызға артық. Сұраныстың негізгі бөлігі жаңа тұрғын үйлерге тиесілі. 

Алматы да жылдық нәтиже бойынша рекорд жаңартты. Қалада 87,6 мың мәміле тіркелді, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 5% көп. Дегенмен, желтоқсан айында Алматы абсолютті рекордқа жете алмады. Ай ішінде 9 мың мәміле жасалған, ал бұдан жоғары нәтиже тек 2021 жылдың желтоқсанында ғана болған.

Жалпы, ел көлемінде 2025 жылы 448,6 мың тұрғын үй мәмілесі тіркелді. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда 4 пайызға көп. Жалпы өсімнің негізгі үлесі Астана, Алматы, Алматы облысы және Шымкентке тиесілі. Ал елдің жартысына жуық өңірінде керісінше көрсеткіш төмендеп кеткен. 

Желтоқсан жалпы статистикада ерекше ай болды. Бір айда 53,1 мың мәміле рәсімделіп, бұл 2022 жылдың наурызынан бергі ең жоғары көрсеткішке жетті. Қарашаға қарағанда өсім 33 пайызды, ал 2024 жылдың желтоқсанымен салыстырғанда 6 пайызды құрады. Ең жоғары белсенділік тағы да Астанада байқалды.

Баспана бағасының қымбаттауы бойынша, әдеттегіде Алматы бірінші орында тұр. 2025 жылдың қорытындысы бойынша оңтүстік астанада баға 25,4 пайызға өсіп, бір шаршы метрдің құны шамамен 750 мың теңгеге жақындады. Астанада өсім 17,4 пайыз. Сондай-ақ Қонаев пен Павлодарда жаңа тұрғын үйлердің бағасы 22,9 пайызға қымбаттаған.