homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Бабақұмаровтың өліміне күдіктінің бұрын сотталғаны анықталды

13.01.2026, 14:15

Бұрынғы Алматы әкімінің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың өліміне күдікті ретінде өтіп жатқан ер адамның бұрын да қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны белгілі болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Астанада экс-шенеунікті өлтіру дерегі бойынша тергеу аяқталып, іс Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі – «Адам өлтіру» бойынша сотқа жолданған. Алдын ала тыңдау 19 қаңтарға белгіленген. Қайғылы оқиға 2025 жылғы 30 қазанда түнде болған. Тергеу нұсқасына сәйкес, Ержан Бабақұмаров танысымен жанжал кезінде қаза тапқан. Күдікті ретінде 37 жастағы Е. К. аталады.

Тергеу материалдарына сәйкес, Е. К. бұл оқиғадан жарты жыл бұрын азаматтық жұбайына қасақана орташа ауырлықтағы дене жарақатын келтіргені үшін сотталған. Оқиға 2025 жылғы 14 сәуірде Астанадағы пәтерде болған. Сот дерегінше, ерлі-зайыпты алкоголь ішкеннен кейін жанжал шығып, ер адам әйелді бірнеше рет ұрып-соққан.

Салдарынан жәбірленуші орташа ауыр жарақат алған. Сот-медициналық сараптама оның бас сүйегінің үстіңгі жарақатын, бет сүйектері мен көз ұясының, сондай-ақ қабырғаларының сынғанын анықтаған.

Сотта Е. К. кінәсін толық мойындап, кешірім сұраған. Жәбірленуші де жазаны жеңілдетуді сұрап, оны кешіргенін айтқан. Осы іс бойынша сот Е. К.-ні Қылмыстық кодекстің 107-бабы бойынша кінәлі деп танып, 300 сағат қоғамдық жұмысқа кескен. Сонымен қатар, одан жәбірленушілер қорына жарна мен сараптама шығындары өндірілген.

Сот барысында ер адамның алкоголь мен психоактивті заттарға тәуелді екені де анықталған. Осыған байланысты оған тұрғылықты жері бойынша психиатрдың бақылауында мәжбүрлі ем тағайындалған.

Еске салайық, Ержан Бабақұмаровтың өліміне қатысты іс бойынша алдын ала сот тыңдауы 19 қаңтарда өтеді. Аталған баптың санкциясы 8 жылдан 15 жылға дейін бас бостандығынан айыруды көздейді.