Өнеркәсіп және құрылыс вице-министрі Қуандық Қажкенов су саласын цифрландыру жоспарын жариялады. 2028 жылға дейін еліміз бойынша телеметрия технологиясы бар 3,6 миллионнан астам «ақылды су есептегіш» орнату көзделіп отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Жаңа есептегіштер судың жұмсалу көлемін автоматты түрде байланыс арналары арқылы жіберіп отырады. Бұл су шығынын азайтуға, шығындарды оңтайландыруға, жабдықтың қызмет ету мерзімін ұзартуға және су тарату мен су бұру жүйесін тиімді басқаруға мүмкіндік береді.
Қуандық Қажкеновтің айтуынша, отандық және халықаралық сарапшылардың қатысуымен Астана, Шымкент, Орал, Екібастұз және Шахтинск қалаларындағы су арналарының қызметі бағаланған. Соның нәтижесінде процестерді оңтайландыру бойынша ұсыныстар әзірленіп, бірыңғай цифрлық шешімдерді кезең-кезеңімен енгізуге арналған техникалық-экономикалық негіздемені дайындау үшін техникалық тапсырма жасалған.
Қазір өңір әкімдіктері мен табиғи монополия субъектілері су есептегіш құралдарын орнатуға өтінімдер беріп жатыр. Вице-министр Президент Жолдауында су саласына халықаралық тәжірибені енгізу міндеті қойылғанын еске салды. Осы мақсатта былтыр Veolia, Suez және Aqualia компанияларымен меморандумдарға қол қойылған. Бұл құжаттар активтерді беруді көздемейді, тек басқару тәжірибесі мен үздік халықаралық практикаларды енгізуге бағытталған. Мемлекеттік бақылау толық сақталады.
Айта кетейік, 2025 жылдың 16 қазанында Өнеркәсіп және құрылыс министрінің бұйрығымен сумен жабдықтау және су бұру қызметтері көлемін есептеу әдістемесі бекітілді. Су есептегіші орнатылмаған жеке тұлғалар үшін тұтыну көлемі әкімдіктер бекіткен коммуналдық нормалар бойынша, бір адамға шаққандағы есеппен анықталады.