homepage
Фото: Otyrar.kz

11 рет пышақ сұққан: Нұрай Серікбайды өлтірген қылмыскер ұсталды

13.01.2026, 09:41

Шымкентте 21 жастағы қызды өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Ақпаратты полиция растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Полицияның мәліметінше, күдікті – 28 жастағы қала тұрғыны. Қазір ол уақытша ұстау изоляторына қамалған.

«Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында 21 жастағы Шымкент тұрғынын өлтірді деген күдікпен ер адам ұсталды. Іздеу жұмыстарына қалалық полиция департаментінің толық жеке құрамы жұмылдырылды. Қалаға кіреберіс пен шығаберісте бақылау күшейтілді, аумақ толық тексерілді. Күдікті қаладан шамамен 10 шақырым жердегі ашық аумақта табылып, ұсталды», – делінген полиция хабарламасында.

Алдын ала мәлімет бойынша, күдікті марқұм қыздың танысы болған. Қылмыстың себептері мен нақты мән-жайын тергеу анықтайды.

Марқұм Нұрай Серікбай 11 қаңтар күні кешке Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында көз жұмған. Әлеуметтік желіде тараған видеодан қыздың қашып құтылуға тырысқаны, кейін қарсылық көрсеткені көрінеді. Кадрларда ер адамның оны ұрып-соғып, пышақпен бірнеше рет жаралағаны байқалады. Одан кейін күдікті оқиға орнынан қашып кеткен.

Нұрай ата-анасымен бірге қылмыс болған жерге жақын маңдағы көпқабатты үйлердің бірінде тұрған. Оның екі ағасы бар, өзі отбасындағы кенжесі болған. Туыстары марқұмның денесін мәйітханадан алып, Түркістан облысындағы Төрткүл ауылына апарған.

Кейінірек полиция күдіктінің және қаза тапқан қыздың фотосуреттерін жариялады.