Қазақстанда жасанды интеллект туралы заң 2026 жылғы 16 қаңтардан бастап күшіне енеді. Құжатқа былтыр Қасым-Жомарт Тоқаев қол қойған. Заңға сәйкес, енді жасанды интеллект көмегімен жасалған кез келген контент арнайы белгі арқылы көрсетілуі тиіс деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Заңда жасанды интеллект жүйелерінің иелері мен пайдаланушыларының құқықтары мен міндеттері нақтыланған. Негізгі талаптардың бірі – қолданушыға контенттің жасанды интеллект арқылы жасалғанын ашық көрсету. Яғни мәтін, сурет, видео немесе аудио ЖИ арқылы жасалса, ол міндетті түрде тиісті белгімен ұсынылуы керек. Белгісіз таратылған ЖИ-контент заң бұзушылық болып есептеледі.
Бұл талапты орындамағандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады:
Бір жыл ішінде талап қайта бұзылса, айыппұл мөлшері ұлғаяды. Ал ірі компаниялар үшін ЖИ жүйесінің жұмысын уақытша тоқтату немесе толық тыйым салу мүмкіндігі де қарастырылған.
Жасанды интеллект арқылы сурет, видео немесе өзге де контент жасайтын қарапайым қолданушыларға жаза қолданыла ма деген сұраққа уәкілетті орган өкілдері түсініктеме берген. Олардың айтуынша, талап барлық тұлғаларға ортақ болғанымен, негізгі жауапкершілік ЖИ жүйесінің иелеріне жүктеледі.
«Бұл талап жеке және заңды тұлғаларға, соның ішінде компаниялар, бұқаралық ақпарат құралдары, блогерлер мен өзге де субъектілерге қатысты. Алайда жауапкершілік, негізінен, жүйенің иесі немесе иеленушісіне тиесілі», – деп мәлімдеді ведомство.
Министрлік өкілдері көптеген ірі нейрожелілер контенттің жасанды интеллект арқылы жасалғанын автоматты түрде көрсететін белгі енгізіп қойғанын атап өтті. Кейбір сервистерде дайын суреттердің өзінде арнайы белгі немесе айырым нышан бар.
Контентті белгілеудің нақты бір қатаң үлгісі бекітілмеген. Ең бастысы – көрермен материалдың жасанды интеллект арқылы жасалғанын анық түсінуі тиіс.
«Бұл суретте немесе видеода көрінетін жазу түрінде, материалдың басында берілетін мәтіндік ескерту ретінде, не аудио арқылы хабарлау жолымен көрсетілуі мүмкін. Маңыздысы – ақпараттың түсінікті болуы», – деп түсіндірді министрлік.
Бақылау барысында дипфейктерге және нақты адамдардың бейнесі қолданылған материалдарға ерекше назар аударылады. Себебі мұндай контент қоғамға елеулі ықпал етуі мүмкін.
Заң ресми жарияланған күннен кейін 60 күн өткен соң күшіне енеді. Осылайша, жаңа талаптар 2026 жылғы 16 қаңтардан бастап қолданыла бастайды. Президент 2026 жылды цифрландыру жәнп жасанды интеллект жылы деп жариялаған болатын.