homepage
фото: ашық дереккөзден

БЗЖ есебінен емделуге толық тыйым салынды

13.01.2026, 00:53

Қазақстандықтар зейнетақы қорындағы артық ақшаға енді емделе алмайды. Платформада өтініштерді қабылдау кеше, сағат 19.00-ден бастап тоқтатылды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Отбасы банк бұл уақытша әрі мәжбүрлі шара екенін ескертеді. Себебі, осы уақытқа дейінгі енгізілген шектеулерге қарамастан, жинағындағы артық ақшаны ауырмаса да, алып қалуға тырысып, айлаға баратын қазақстандықтар азаймай тұр. Мысалы, өткен желтоқсан айында радиохирургиялық емге өтінімдер күрт көбейген. Бір айдың ішінде қазақстандықтар онкологиялық ауруларды емдеуге 7 мыңнан астам өтініш берген. Бұл бұрынғы көрсеткіштерден ондаған есе көп. 

“Отбасы банкі Денсаулық сақтау министрлігімен және басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, БЗЖ есебінен медициналық қызметтерді алуға қойылатын талаптарды қайта қарайды және зейнетақы артықшылықтарын мақсатсыз пайдалануды болдырмау үшін ақпараттық жүйелерді ықпалдастыру тетіктерін пысықтайды”, – делінген хабарламада.

Өтінімдерді қабылдаудың қашан басталатыны белгісіз. 

Бұған дейін «Отбасы банк» зейнетақы жинақтарын стоматологиялық және пластикалық операцияларға пайдалану мүмкіндігін де жаппай мақсатсыз қолдану салдарынан шектеген болатын. Еске салайық, 2021 жылдан бастап қазақстандықтарға Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорындағы (БЖЗҚ) шотында жеткілікті қаражаты болған жағдайда зейнетақы жинақтарын мерзімінен бұрын алуына рұқсат берілді.