Тоқаевтың бұрынғы кеңесшісі Ержан Бабақұмаровтың қазасына қатысты қылмыстық іс сотқа жетті. Істі судья Айжан Құлбаева қарайды. Ол – 2024 жылы Бишімбаевтың ісі бойынша сот процесін жүргізіп, экс-министрге үкім шығарған судья. Ақпаратты Астана қаласы сотының баспасөз қызметі растады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Іс қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотқа қылмыстық кодекстің 99-бабы 1-бөлігі (адам өлтіру) бойынша түскен. Істің ашық не жабық өтетіні, соттың нақты қай күні болатыны әзірге белгісіз.
Ержан Бабақұмаров 2025 жылдың қазанында қайтыс болды. Алдын ала мәлімет бойынша, оны әлдекімдер соққыға жығып өлтірген.
2019 жылы ол Қасым-Жомарт Тоқаевтың кеңесшісі болды. Сол жылы Алматы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Соңғы атқарған лауазымы - президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінің директоры.
Бабақұмаров 56 жаста еді. Артында жұбайы, ұлы мен екі қызы қалды.