homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Полиция шымкенттік бойжеткенді өлтірген қылмыскерді әлі таба алмай жатыр

12.01.2026, 17:32

Шымкенттік полиция көше бойында бойжеткенді пышақтап өлтіріп кеткен қылмыскерді әлі таба алмай жатыр. Оқиға 11 қаңтар күні түнде Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында болған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Әлеуметтік желіде тараған бейнежазбада қыздың қарсылық көрсеткені, ал күдіктінің оны қуып жетіп, ұрып-соғып, бірнеше рет пышақтап, оқиға орнынан қашып кеткені көрінеді. Бейресми дерекке сәйкес, марқұмға 11 рет пышақ сұғылған. Оқиға орнына жедел жәрдем мен полиция қызметкерлері жеткенімен, бойжеткен сол жерде жан тапсырған.

Кейін белгілі болғандай, қаза тапқан 21 жастағы Нұрай Серікбай осы маңдағы көпқабатты үйлердің бірінде отбасымен бірге тұрған. Ол үйдің кенжесі, студент болған. Марқұмның анасы қаралы хабарды естіген сәтте есінен танып қалған. Қыздың денесі сот-медициналық сараптамадан кейін туыстарына беріліп, Түркістан облысы Төрткөл ауылына жеткізілді. Жаназасы ертең өтеді.

Полиция мәліметінше, күдікті ретінде 29 жастағы Шерхан Аймахан іздестіріліп жатыр. Ашық дереккөздерде оның 2021–2024 жылдары жеке кәсіпкерлікпен айналысқаны көрсетілген. Қалалық полиция бұл деректі растап, Қылмыстық кодекстің «Адам өлтіру» бабы бойынша іс қозғалғанын хабарлады. 

Ал, марқұмның туыстары күдіктінің әлі күнге ұсталмағанына наразы.

«Қызымызды қоғамдық орында айуандықпен өлтірді. Бұл – орны толмас қасірет. Күдікті заң алдында жауап беріп, қатаң жазалансын», – деді марқұмның туысы Кәрім Кенжетаев.

Құқық қорғау органдары күдіктіні ұстауға бағытталған жедел іздестіру шаралары жалғасып жатқанын мәлімдеді.