Бүгін 12 қаңтар күні, түске таман Каспий теңізінің жағалауында оқыс оқиға болды. Ақтауда жасөспірім теңізге қарай бет алып, суға батып өлмек болған. Оқиға орнына жедел жеткен полиция қызметкерлері оны құтқарып қалды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Polisia.kz сайтының мәліметіне сүйенсек, полицияны куәгерлер шақырған. Бала жан-жағындағы адамдардың айқайлаған дауысын естімей, теңізге түсе берген.
«Оқиға орнына дереу жеткен Ақтау қаласы полиция басқармасының патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Абдурахим Сәтешов және Азамат Қарабалаев жағдайдың аса қауіпті екенін көріп, бір сәт те кідірместен теңізге секірген. Өздерінің жеке қауіпсіздігін елемей, олар жасөспірімді жағаға алып шығып, баланың өмірін сақтап қалды», - деп жазады дереккөз.
Қазір жасөспірімнің жағдайы жақсы, тиісті мамандар онымен сөйлесіп жатыр.