Үш күн бойы іздестіріліп жатқан 59 жастағы Талғат Назаровтың жеке заттары Жайық өзенінің жағасынан табылды, алайда ер адамның өзі әлі күнге дейін табылған жоқ, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Ер адам Атырауға ауылдан келген, ауруханаға бару үшін үйден шыққанымен, көп ұзамай байланысқа шықпай кеткен.
«Әкем ауылдан Атырауға келіп, ауруханаға кеткен. Бірақ содан кейін хабарсыз қалды. Қаланы мүлде білмейді, бұл жағдайды одан сайын күрделендіріп отыр», – дейді оның баласы.
Тек бір күн бұрын ғана алғашқы белгі табылған. Жайық өзенінің жағасынан оның ұялы телефоны мен бас киімі анықталған. Заттарды туыстары таныған. Алайда ер адамның өзі ұшты-күйлі жоқ. Қазір іздеу жұмыстары күшейтілді.
«Әкем қалада дұрыс бағдарлай алмайды, адасып кетуі әбден мүмкін. Оның эпилепсиясы бар, сондықтан жағдайына қатты алаңдап отырмыз. Үш күн болды, әлі жоқ», – дейді ұлы Мақсат Таубаев.
Отбасы іздеу жұмыстарына тартылған күштің жеткіліксіз екенін айтып отыр. Олардың сөзінше, іздеуге аз ғана полиция қызметкері қатысып жатыр, ал құтқарушылар мен төтенше жағдай қызметкерлері жетіспейді. Туыстары қосымша адам мен техниканы тартуды сұрап отыр.
Жақындары Талғат Назаровты көрген немесе оның қайда болуы мүмкін екенін білетін азаматтарды полицияға хабарласуын сұрайды.