homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Бораннан Астана әуежайына ұшақтар қона алмай жатыр

12.01.2026, 14:27

Ауа райының қолайсыздығына байланысты Астана халықаралық әуежайында рейстер кешіктіріліп жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Мәліметке сәйкес, алты әуе кемесі елордаға уақытында қона алмай отыр. Кешіктірілген рейстер қатарында Санья, Доха, Өскемен, Ақтөбе, Қызылорда және Петропавл бағыттары бар. Өзгерістер ішкі және халықаралық рейстерге бірдей әсер еткен.

Астана халықаралық әуежайы өкілдері дауылды ескертуге байланысты барлық қызмет күшейтілген жұмыс тәртібіне көшкенін мәлімдеді.

«Дауылды ескертуге байланысты әуежайдың барлық қызметі күшейтілген режимде жұмыс істеп жатыр. Әуеайлақ техникасы перрон мен вокзал маңын үздіксіз тазалап жатыр. Біз рейстер кестесінің тұрақтылығы мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық мүмкіндікті жасап отырмыз», – делінген әуежай хабарламасында.

Әуежай әкімшілігі жолаушыларға сапарды алдын ала жоспарлап, ауа райы жағдайын ескеруге, сондай-ақ онлайн-табло мен әуе компанияларының байланыс орталықтарындағы ақпаратты бақылап отыруға кеңес берді.