homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Жетім балаларға күш қолданып, жәрдемақысын алып отырған қылмыстық топ ұсталды

12.01.2026, 14:13

Қарағандыда жетім балаларды қорқытып, күш қолданып арнайы мемлекеттік төлемдерін иемденіп келген қылмыстық топ ұсталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Олар бірнеше жетім баланың 10 млн теңгесін қолды қылған. 

Арнайы операция 8 қаңтар күні ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлерімен жүргізілді. Полицияның мәліметінше, күдіктілердің құрбандары өңірдегі балалар мекемелерінің бірінде тәрбиеленіп жатқан жетім балалар.

«Алдын ала деректер бойынша, соңғы алты ай ішінде күдіктілер алдау, қорқыту және күш қолдану арқылы бірнеше жәбірленушінің 10 миллион теңгеден астам қаражатын иемденген. Олар балаларды арнайы есепшоттардан ақша шешуге, сондай-ақ микроқаржы ұйымдарынан несие рәсімдеуге мәжбүрлеген», – делінген полиция хабарламасында.

Тінту барысында күдіктілерден автомат қаруына арналған оқжатарлар мен 100-ден астам оқ-дәрі тәркіленген. Бопсалау дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.

Барлық күдікті қамауға алынды. Оларға 10 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы қаупі төніп тұр. Құқық қорғау органдары олардың өзге де осыған ұқсас қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.