Астана қалалық жедел жәрдем қызметінде 850 миллион теңгеге жуық қаржының жымқырылғаны анықталды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Прокуратура мен арнайы қызмет өкілдері бұл дерек бойынша төрт күдіктіні ұстады. Ақпаратты жергілікті баспасөз Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қалалық департаментіне сілтеме жасап таратты.
Комитеттің мәліметінше, 2020–2023 жылдар аралығында жедел медициналық жәрдем станциясына бөлінген қомақты бюджет қаражаты заңсыз иемденілген. Арнайы прокурорлардың жетекшілігімен ведомствоаралық жедел-тергеу тобы құрылған.
Тергеу барысында автокөлік бөлшектерін әдейі жарамсыз деп тану, сондай-ақ түрлі қызметтер бойынша жалған келісімшарттар жасау арқылы ақша жымқыру деректері анықталған. Соның салдарынан станциядағы жарамды жедел жәрдем көліктерінің саны азайған.
Қылмыстық іс аясында төрт қызметкер ұсталды. Олардың қатарында жедел жәрдем станциясының директоры мен орта буындағы екі басшы бар.
Құзырлы органдар келтірілген шығынды 850 миллион теңге деп бағалап отыр. Аса ірі көлемде қаржы жымқыру бабы бойынша қозғалған қылмыстық іс сотқа жолданды.