Қазақстандық әнші Yenlik (Еңлік Құрарбек) халықаралық COLORS музыкалық жобасының жаңа шығарылымына қатыстыы. Осылайша Yenlik аталған жобада өнер көрсеткен Қазақстаннан шыққан алғашқы орындаушы атанып отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
YouTube-тағы ең танымал жанды дауыста орындау алаңдарының бірі саналатын COLORS бұған дейін Billie Eilish, Drake, Doja Cat секілді әлемдік деңгейдегі әртістерді ұсынған.
COLORS жобасына қатысу Yenlikтің көптен бергі арманы. Өнер иесінің өзі бұл платформаны ұзақ уақыт бойы бақылап жүргенін, тіпті екі жыл бұрын жобаға өз бетімен өтінім жолдағанын, алайда ол кезде жауап алмағанын айтады.
«Шақырту келген сәтте қатты қуанып, жылап жібердім. Бұл жоба маған әрдайым қол жетпейтіндей көрінетін. Екі жыл бұрын өзіміз өтінім жібердік, бірақ жауап болмады. Ал биыл COLORS өздері хабарласты», – деді әнші.
COLORSxSTUDIOS 2016 жылы Германияда құрылған. Бірнеше жылдың ішінде жоба шағын радиостудиядағы бастамадан әлемдегі ең ықпалды музыкалық арналардың біріне айналды. COLORS минималистік формасымен танымал: сахнада бір түсті фон ғана болады, ешқандай декорация не артық визуал қолданылмайды. Бұл формат тыңдарманның назарын тек музыкаға, дауыс пен орындаушының болмысына шоғырландыруға мүмкіндік береді. Қазіргі таңда COLORS YouTube-арнасының 8,2 миллионнан астам жазылушысы және шамамен 3,5 миллиард қаралымы бар.
Yenlik-тің айтуынша, жоба кураторларының қатаң, бірақ интуитивті іріктеуі COLORS-тың басты ерекшеліктерінің бірі. Платформа жанрға да, географияға да шектеу қоймай, түрлі мәдени ортадан шыққан музыканттарды ұсынады. Әнші кураторлардың назарын оның авторлық үні мен қазақ тілін қолдануы аударған болуы мүмкін деп болжайды.
Шығарылымның түсірілімі Қазақстаннан тыс жерде өткен. Жоба ауқымды емес, керісінше өте жинақы әрі нақты форматта ұйымдастырылған. Түсірілім небәрі 1–2 сағатқа созылған. Шығарылымдағы визуал фон ретінде таңдалған түс Yenlik үшін нәзік, бірақ шынайы күштің символын білдіреді.
Айта кетейік, Yenlik-тің әндері әлеуметтік желілерде жиі тарайды. Өткен жылдың күзінде жарық көрген BIPL альбомына енген 11 композицияның ішінен «Meili» мен «16 Qyz» тректері TikTok-та, әсіресе бишілер арасында, жылдам танымал болып, жастар арасында жеке трендке айналды.