homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Шекарадан заңсыз тауар өткізген шенеунік ұсталды

12.01.2026, 11:34

Ұлттық қауіпсіздік комитетінің сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі мемлекеттік шекара арқылы тауарларды заңсыз әкелу арнасының жолын кесті деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Тергеу барысында Батыс Қазақстан облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаменті басқармаларының бірінің басшысы және елорда тұрғыны ұсталып, қамауға алынды. Тергеу дерегінше, олар ақшалай сыйақы үшін шетел азаматтарына халық тұтынатын тауарларды кедергісіз елге кіргізуге көмектескен. Нақты қандай тауарлар екені нақтыланбайды.

Құқық қорғау органдары күдіктілердің 100 миллион теңгеден астам көлемде пара алғанын анықтады. Алдын ала есеп бойынша мемлекетке келтірілген залал 1,9 миллиард теңге. Ұлттық қауіпсіздік комитеті баспасөз қызметінің мәліметінше, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабына сәйкес, өзге ақпарат жария етілмейді.

Бұған дейін ҰҚК 2025 жылы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес нәтижелерін жариялаған. Комитет дерегінше, өткен жылы 895 адамның заңсыз әрекетінің жолы кесілген. Барлығы 1 052 қылмыстық іс қозғалып, оның 969-ы бойынша тергеу аяқталған, 860 іс сотқа жолданған.