Конституцияның 30 жылдығына байланысты жарияланған рақымшылыққа ілігу үшін 16 мыңға жуық сотталған өтініш берген. Бұл туралы ішкі істер министрлігінің қылмыстық-атқару жүйесі комитеті жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Өтініштерді қарау нәтижесінде қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінен 2 мыңнан астам адам босатылған. Олардың арасында әйелдер мен кәмелетке толмағандар бар. Тағы 11 мыңнан астам сотталғанның жаза өтеу мерзімі қысқартылды.
Пробация қызметінің есебінде тұрған 2 888 адам жазадан толық босатылып, 7 600-ден астам адамның жаза мерзімі азайтылған. Рақымшылық кәмелетке толмағандарға, баласы бар және жүкті әйелдерге, мүгедектігі бар адамдар мен қарттарға қолданылды.
Ресми мәліметке сәйкес, бостандыққа шыққан барлық адам пробация қызметінің тұрақты бақылауында болады және полицияның жеке есебіне қойылған. Сонымен қатар оларды жұмысқа орналастыруға жәрдемдесу, әлеуметтік және психологиялық қолдау көрсету, сондай-ақ құқықтық және тұрмыстық мәселелер бойынша кеңес беріледі.
Бұл ретте сыбайлас жемқорлық, экстремизм және терроризм сипатындағы қылмыстарды жасағандарға, кәмелетке толмағандарды зорлағандарға, азаптау деректеріне қатысы барларға және қылмысты қайталап жасаған рецидивистерге рақымшылық туралы заң қолданылмаған.
Айта кетейік, 2025 жылдың маусымында 15 мыңнан астам адамға амнистия жарияланғанын Қасым-Жомарт Тоқаев мәлімдеген болатын.