homepage
фото: ашық дереккөзден

Сарбаздың қазасы: Ұлттық ұлан мәлімдеме жасады

12.01.2026, 04:43

Шымкентте әскер қатарына шақырылып, алайда ант қабылдап үлгермей қайтыс болған 21 жастағы сарбаздың өліміне қатысты ҚР Ұлттық Ұланы мәлімдеме жасады, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Ұлттық ұланның мәліметінше, Жамбыл облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті арқылы әскерге шақырылған сарбаз 2025 жылғы 9 желтоқсанда әскери бөлімге келген. Алғаш рет ол 17 желтоқсанда медициналық көмекке жүгінген. 29 желтоқсанда денсаулығының күрт нашарлауына байланысты Шымкент қаласындағы медициналық мекемелердің біріне жатқызылған. Ал, 2026 жылдың 6 қаңтарында сарбаздың жүрегі тоқтап қалған. Алдын ала қойылған диагноз жедел лейкоз. Осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалған. 

Марқұмның туыстары бұған дейін бұқаралық ақпарат құралдарына берген сұхбаттарында сарбаз әскерге шақырылар алдында толықтай сау болғанын айтып, істің мән-жайына күмән келтірген. Тіпті түрлі құрылымдар тарапынан өздеріне қысым көрсетіліп жатқанын да айтқан. 

Бұл мәселеге қатысты Ұлттық ұлан қысым көрсету туралы мәліметтер расталмағанын мәлімдеді. Дегенмен барлық айтылған уәж тергеу аясында қосымша тексерілетіні хабарланды.

Ал, қазақстандықтар баласы не бауырын әскерге жіберуге қалай қарайды? Juzmedia.kz. сұрап көрді.