Қырғызстанда тұрақты тұратын Қазақстанның бірнеше азаматы қырғыз-қазақ шекарасынан өте алмай, Садыр Жапаровтан мәселені шешіп беруді сұрап отыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Олардың айтуынша, бұған дейін шекараны еш кедергісіз кесіп өтіп жүрген, алайда жаңа жылдан бастап жаңа ереже күшіне енген. оған сәйкес, Қазақстан азаматтары енді Қазақстан аумағында кемінде 90 күн болуы тиіс. Тек осы мерзім өткеннен кейін ғана Қырғызстанға қайта кіре алады.
Азаматтардың бір бөлігі жаңа талаптардан бейхабар күйде Қазақстанға шығып кеткен, алайда қазір Қырғыз Республикасына қайта орала алмай отыр. Олар Қазақстанда тұрақты баспанасы мен тұруға қолайлы жағдайы жоқ екенін айтады.
Осы жағдайға байланысты азаматтар Қырғыз Республикасының Президенті Садыр Жапаровқа жүгініп, туындаған мәселені шешуге көмек көрсетуді сұрады.