homepage
Фото: BBC.com

Венесуэлада саяси тұтқындар босатылып жатыр

11.01.2026, 11:30

Венесуэланың Сыртқы істер министрлігі Дональд Трамптың алғашқы президенттік кезеңінде үзілген дипломатиялық қатынастарды қалпына келтіру жөнінде келіссөздер басталғанын мәлімдеді. Вашингтон америкалық делегацияның елшілік жұмысын қайта жандандыру мәселесін талқылау үшін Каракасқа барғанын растадыдеп хабарлайды Juzmedia.kz DW-ге сілтеме жасап.

Осы байланыстар аясында уақытша президент міндетін атқарып отырған Делси Родригес саяси тұтқындарды босата бастағанын мәлімдеді. Құқық қорғаушылардың мәліметінше, 10 қаңтарға дейін 18 адам еркіндікке шыққан.

Ал өзге саяси тұтқындардың туыстары Каракастың шығысындағы Эль-Родео түрмесінің маңында кезекшілік жасап, жақындарының босатылуын күтіп отыр. Құқық қорғау ұйымдарының дерегіне сәйкес, Венесуэлада қазір 850-ден астам саяси тұтқын бар, олардың басым бөлігі Мадуро билігі кезінде ұсталған.

Human Rights Watch ұйымы бұған дейін олардың көпшілігі «инкоммуникадо» режимінде, яғни сыртқы әлеммен байланыссыз отырғанын хабарлады. Құқық қорғаушылар мұндай жағдайды азаптаудың бір түрі деп бағалайды.

Осы тұста Дональд Трамп саяси тұтқындардың босатылуын «бейбітшілікке ұмтылыстың белгісі» деп атап, Венесуэлаға жоспарланған екінші соққы толқынын тоқтататынын мәлімдеді. Сонымен бірге ол венесуэлалық оппозиция лидері Мария Корина Мачадомен кездесу өткізетінін хабарлады.