Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Израиль премьер-министрі Биньямин Нетаньяхумен телефон арқылы сөйлесті. Әңгіме Израиль тарапының бастамасымен өтті, деп хабарлайды Juzmedia.kz Ақорданың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Сөз барысында Нетаньяху Қазақстанның Ибраһим келісіміне қосылғаны үшін алғыс білдіріп, бұл батыл әрі көреген шешім деп бағалады. Оның айтуынша, мұндай таңдау бейбітшілік пен тұрақтылықты нығайтып, халықаралық диалогты күшейте түседі.
Ибраһим келісімі Израиль мен Араб елдерінің қарым-қатынасын реттеуді көздейді. 2020 жылы Трамптың бірінші президенттік мерзімінде Ақ үйде Израиль, Бахрейн, БАӘ осы келісімге қол қойған. Артынша келісімге Марокко қосылды.
Қазақстан - бұл келісімге кейінгі бес жылда қосылған алғашқы ел және Орталық Азиядан қол қойған бірінші мемлекет. Сарапшылар Қазақстанның келісімге қосылуы Астананың Вашингтонмен қарым-қатынасты дамытуға жасаған қадамы деп бағалайды.