Еуропа Ирандағы наразылық білдірушілерді толық қолдайды және оларға қарсы күш қолдануды қатаң айыптайды. Бұл туралы Еурокомиссия төрағасы Урсула фон дер Ляйен мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz Deutsche Welle-ге сілтеме жасап.
Бұл ұстанымын ол сенбі, 10 қаңтар күні X әлеуметтік желісіндегі жазбасында білдірді.
Оның сөзінше, Тегеран көшелері мен әлемнің әр түкпіріндегі қалаларда ирандық әйелдер мен ерлердің еркіндікке ұмтылған дауысы қатар естіліп жатыр.
«Сөйлеуге, жиналуға, еркін жүріп-тұруға және ең бастысы азат өмір сүруге құқығын талап етіп шыққандарды Еуропа толық қолдайды. Біз бұл заңды наразылықты күшпен жаншуды қатаң айыптаймыз», – деп жазды ол.
Сонымен бірге фон дер Ляйен қамауда отырған барлық наразылық қатысушыларын дереу босатып, интернетті қайта қосу талабын жеткізді.
Иранда наразылық толқыны 2025 жылғы 28 желтоқсаннан бері әлі жалғасып жатыр. Кейін бұл наразылық ірі қалалардың бәріне дерлік тарады. 30 желтоқсанда шерушілер мен полиция арасында алғашқы қақтығыстар болып, күш құрылымдары көзден жас ағызатын газ қолданғаны хабарланды. Уақыт өте келе наразылықтың сипаты өзгеріп, саяси ұрандар айтыла бастады. Шеруге шыққандар «Хаменеиға өлім» деген сөздерді де көтерді, бұл Иранның рухани көсеміне бағытталған.
Кейінгі күндері жағдай ушығып, шерулер жаппай тәртіпсіздікке айналды. Тегеран мэрі Алиреза Заканидің мәліметінше, 9 қаңтарға қараған түні 50-ден астам банк, бірнеше мемлекеттік мекеме өртеніп, отыздан аса мешіт қираған. Осыдан кейін билік қала көшелеріндегі бақылауды күшейтіп, интернетке шектеу қойды.
HRANA құқық қорғау агенттігінің дерегіне қарағанда, 9 қаңтарға дейінгі қақтығыстарда кемінде 65 адам қаза тапқан. Оның 15-і қауіпсіздік күштерінің қызметкерлері, 50-і наразылыққа қатысушылар. Екі мың үш жүзден астам адам ұсталған. 8 қаңтарға қараған түні кемінде 11 бейбіт тұрғын, оның ішінде бір бала қаза тауып, бірнеше құқық қорғау органы өкілі, соның ішінде Эсферайен қаласының прокуроры мерт болды.
Ал, Иранның жоғары басшысв Али Хаменеи шеруге шыққандарды «арандатушылар» деп атады. Ресми Тегеран жаппай тәртіпсіздіктерді ұйымдастыруға АҚШ пен Израильді айыптады.