Қазақстан ерлер құрамасының бокстан жаңа бас бапкері болып Нұржан Насанов тағайындалды. Бұл туралы Қазақстан бокс федерациясы хабарлады, деп жазады Juzmedia.kz.
Нұржан Насанов бұл қызметте денсаулығына байланысты ұлттық құрамамен жұмысты тоқтатуға мәжбүр болған Қайрат Сәтжановтың орнын басты. Қайрат Тұрсынханұлы ерлер құрамасының бас бапкері қызметін 2024 жылдың тамызынан бері атқарып келген. Осы кезеңде ұлттық құрама халықаралық турнирлерде бірқатар жеңіске жетіп, әлем чемпионаттарында жүлделі орындар алды. Бапкерлік салада 35 жылдан астам тәжірибесі бар маман денсаулығына байланысты қызметінен кеткен.
«Қазақстан бокс қауымдастығы атынан Қайрат Тұрсынханұлына ұлттық құрамадағы еңбегі үшін алғысымызды білдіреміз», – делінген ресми мәлімдемеде.
Нұржан Насанов 1975 жылғы 23 қазанда дүниеге келген. Ол бапкерлік қызметін 2016 жылы бастаған. Ал 2024 жылдың тамызынан бері ұлттық құраманың жаттықтырушылар штабына кіріп, Қайрат Сәтжановпен бірге жұмыс істеген. Оның шәкірттері қатарында екі дүркін әлем чемпионы Санжар Ташкенбай және өзге де танымал боксшылар бар.