10 қаңтарда қаңтар айындағы Ұлттық бірыңғай тестілеу басталды. Ол 10 ақпанға дейін жалғасады. Биыл тестілеуге шамамен 187 мың адам өтініш берген, бұл өткен жылмен салыстырғанда 20 мыңға көп. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрлігі жеткізді деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Талапкерлердің 75,2 пайызы тестті қазақ тілінде, 24,6 пайызы орыс тілінде тапсырады. Ағылшын тілін 189 адам таңдаған.
Тестілеу күні мен уақытын, сондай-ақ емтихан тапсыратын пунктті талапкерлер өздері таңдаған. Ең көп таңдалған пәндер комбинациясы – математика мен физика. Бұл бағытты 19,2 пайыз талапкер белгілеген. Әдетте бұл комбинацияны болашақ мұғалімдер, инженерлер, энергетиктер мен құрылысшылар таңдайды. Биология мен химияны 16,9 пайыз талапкер таңдаса, 9,7 пайызы шығармашылық бағыт бойынша тест тапсырады.
ҰБТ кезінде калькуляторды, Менделеев кестесін және тұздардың ерігіштік кестесін қолдануға рұқсат етіледі. Тестілеу аяқталғаннан кейін 30 минут ішінде апелляция беруге болады. Апелляция қаралған соң сертификат талапкердің жеке кабинетінде жарияланады.
2026 жылы ҰБТ форматы өзгеріссіз қалады. Талапкерлер үш міндетті пән мен екі бейіндік пән тапсырады. Жалпы тапсырма саны – 120. Оның ішінде Қазақстан тарихынан 20 тапсырма, оқу сауаттылығы мен математикалық сауаттылықтан 10 тапсырмадан, әр бейіндік пәннен 40 тапсырма беріледі. Ең жоғары балл – 140.
Тестілеу уақыты – 4 сағат немесе 240 минут. Арнайы білім беру қажеттіліктері бар талапкерлерге қосымша 40 минут уақыт қарастырылған.
Қаңтар айындағы ҰБТ-ға ақылы негізде күндізгі бөлімге оқуға түсуге өтініш бергендер, шығармашылық бағыттан басқа дайындық бағыттарына немесе педагогикалық мамандықтарға ауысқысы келетіндер, өткен жылғы мектеп пен колледж түлектері, шетелде білім алған Қазақстан азаматтары, сондай-ақ ақылы негізде оқуға түсетін мектеп бітірушілер қатысады.