Кеше АҚШ Ресейдің заңсыз мұнай тасымалына қатысы бар деген күдікпен тағы бір мұнай танкерін тәркіледі. Бұл туралы АҚШ Қарулы күштері мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Бүгін таңертең ведомствоаралық бірлескен күштер қылмыскерлердің қайда жүрсе құрықталатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Таңсәріде өткен операция барысында теңіз жаяу әскері мен әскери теңіз күштері Ішкі қауіпсіздік министрлігінің қолдауымен USS Gerald R. Ford әуе тасымалдағышынан шығып, Olina моторлы танкерін оңайлықпен ұстады», – делінген.
The Bell басылымының жазуынша, Olina танкерінің тіркеу нөмірі 2025 жылдың қаңтарында АҚШ санкциясына іліккен Minerva M кемесінің нөмірімен сәйкес келеді. Ол кеме Батыс шектеулерін айналып өтіп, ресейлік мұнай тасымалдау үшін пайдаланылған «көлеңкелі флоттың» бір бөлігі ретінде аталған.
Осылайша АҚШ Венесуэладан мұнай тасымалдауға қатысы бар танкерлерді қудалау операциясы аясында бесінші кемені қолға түсіріп отыр. Америкалық биліктің бағалауынша, Венесуэланың мұнай экспортының шамамен 70 пайызы дәл осы «көлеңкелі флот» кемелерінің үлесіне тиеді.
Осы оқиғалар барысында АҚШ президенті Дональд Трамп Венесуэлаға қатысты даулы мәлімдеме жасады. Ол:
«АҚШ Венесуэланы ұзақ жылдар бойы басқарып, оның мұнай қорын пайдалана алады», – деді.
Ал Ақ үйде америкалық мұнай-газ компанияларының басшыларымен кездесуде Трамп Ресей мен Қытайға мұнай сатуға дайын екенін айтып:
«Қытай бізден қанша мұнай алғысы келсе де ала алады. Ресейге де бізден қажет көлемде мұнай алуға мүмкіндік бар. Қытай, Ресей және басқалар бізге келе алады, біз бизнеске дерлік бірден ашық боламыз», – деп мәлімдеді.