homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Интернет-алаяқтық ең көп таралған қылмыс түріне айналды

10.01.2026, 12:40

Қазақстандықтар көбіне интернет-алаяқтардың тұзағына түсіп жатыр. Олар жалған хабарламалар таратып, жоқ қызметтер туралы хабарландырулар жариялайды. Бұл туралы Juzmedia.kz. Бас прокуратура жанындағы Құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитеті деректеріне сүйеніп хабарлайды.

Ведомство мәліметінше, 2025 жылдың желтоқсанындағы жағдай бойынша Қылмыстық кодекстің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша 47 483 құқықбұзушылық тіркелген. Соның 28 851-і интернет-алаяқтыққа тиесілі.

Азаматтарды алдаудың ең кең тараған тәсілі — банктер атынан жіберілетін жалған SMS-хабарламалар мен қоңыраулар. Мұндай жолмен 6 812 құқықбұзушылық жасалған. Одан кейін жоқ қызметтер туралы хабарландырулар жариялау 5 768 дерекпен тіркелген. Сайттар, электронды пошта, сілтемелер мен смартфон қосымшалары арқылы жасалатын фишинг 5 420 істі құрайды. Онлайн несие рәсімдеу арқылы алдау 5 005, интернет-дүкендер арқылы жасалған алаяқтық 4 868 дерекке жеткен.

Сондай-ақ қаржы пирамидалары мен жалған инвестициялық жобалардан зардап шеккендер аз емес. Бұл бағытта 1 681 құқықбұзушылық тіркелген. Бұдан бөлек, аккаунттар мен домендерді бұзу деректері 629, криптовалютаға қатысты алаяқтық 517 жағдайды құрайды. Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде қаржы ұйымдарының атынан немесе қарыз сұрау түріндегі хабарламалар арқылы жасалған алаяқтық 368 рет анықталған. Жалған лотереялар, викториналар мен байқаулар 143, қайырымдылық желеуімен алдау 141, фиктивті онлайн-казинолар 60 дерекпен тіркелген.