homepage
Фото: Tengrinews.kz

Алматыда елдегі алғашқы крематорий жұмысын бастамақ

10.01.2026, 11:07

Алматыда Қазақстандағы алғашқы крематорий жақын уақытта жұмысын бастайды. Бұл туралы қалалық қоғамдық денсаулық сақтау басқармасы мәлімдеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Ведомствоның дерегінше, 9 қаңтарда Әділет министрлігінде Ұлттық экономика министрлігінің жерлеу және қабірлерді күтіп-ұстау ісін ұйымдастырудың үлгілік қағидаларына өзгерістер енгізу туралы бұйрығы тіркелген. Құжат крематорийлердің қызметіне құқықтық негіз қалыптастырып, Қазақстан аумағында кремация рәсімін алғаш рет заң жүзінде жүргізуге мүмкіндік береді.

«Бұйрық күшіне енгеннен кейін Алматы қаласының крематорийі өз жұмысын бастап, санитарлық және құқықтық талаптарды сақтай отырып, белгіленген тәртіпте қызмет көрсетеді», – делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта кремация қызметтерінің бағалар тізімін Алматы қалалық патологоанатомиялық бюросының байқау кеңесі арқылы бекіту рәсімі жүріп жатыр. Тарифтер мен қызмет көрсету тәртібі туралы ақпарат аталған бюроның ресми сайтында жарияланады.

Айта кетейік, 2025 жылдың қыркүйегінде Алматы қаласының коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасы алдағы алты-жеті жылда қалада жерлеуге арналған орындар толық таусылатынын хабарлаған. Басқарманың мәліметінше, Алматыда 70 зират бар, олардың 61-і жабылған.