homepage
Фото: Semeytany.kz

Сотталған экс-әкім құрметті азамат атанды

10.01.2026, 10:20

2025 жылдың соңында Абай облысындағы Бесқарағай аудандық мәслихаты ауданның құрметті азаматы атағына ұсынылған кандидаттарды бекітті. Тізімге бұрын Бесқарағай ауданын басқарған, кейін пара алғаны үшін сотталған Нұрлан Сыдықов та енген, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Нұрлан Сыдықов Бесқарағай ауданын 2013–2015 жылдары, ол кезде Шығыс Қазақстан облысының құрамында болған кезеңде басқарған. 2015 жылдың қазанында ол Жарма ауданының әкімі болып тағайындалған. Алайда 2018 жылдың күзінде қызмет бабын пайдаланып, жер мәселесіне қатысты заңсыз сыйақы алғаны анықталып, мемлекеттік қызметтегі мансабын аяқтауға мәжбүр болды.

Сыдықов сотта кінәсін толық мойындап, процессуалдық келісімге келді. Сот оны 30 миллион теңге айыппұл төлеуге міндеттеп, өмір бойына мемлекеттік қызмет атқару құқығынан айырды.

Соған қарамастан, Бесқарағай аудандық мәслихаты жариялаған жаңартылған құрметті азаматтар тізімінде Сыдықовтың есімі бар. Құжатта оның аудан басшысы болған кезеңінде атқарған жұмыстары атап өтілген. Атап айтқанда, Мостик пен Башкүл ауылдарында екі мектеп салынғаны, «Айналайын» балабақшасының құрылысы басталғаны, аудан орталығында дене шынықтыру-сауықтыру кешені тұрғызылғаны көрсетілген. Сондай-ақ орталық аурухана мен колледжде жөндеу жұмыстары жүргізілгені, орталық алаңдағы субұрқақ, Абай Құнанбайұлының бюсті және үш бағдаршам орнатылғаны жазылған. Ал бұрынғы сыбайлас жемқорлық ісі құжатта мүлде аталмайды.