«Air Astana» компаниясы істі болған қызметкері Ренат Абулхановтың мәлімдемесіне қатысты ресми жауабын жария етті, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Компания бұрынғы топ-менеджерінің «басшылықтың тапсырмаларын орындаудан бас тартқаным үшін компания тарапынан қудалауға түстім» деген мәлімдесін жоққа шығарды
Бұған дейін Абулханов компания басшылығының туыстарына әуе билеттерінің жеңілдікпен сатылғанын айтып, бірнеше жазбаның көшірмесін көрсеткен. Әуе компаниясы бұл материалдардың дұрыстығын, толықтығын және түпнұсқалығын растамады. Оларды тексеру заң аясында жүргізілуі керектігін атап өтті.
Бұдан бөлек, әуе компаниясы БАҚ өкілдері мен қазақстандықтарды сот процессі аяқталғанға дейін асығыс тұжырым жасамауға шақырды.
Еске салайық, қазір сотта «FlyArystan» лоукостеріндегі ұрлыққа қатысты іс қаралып жатыр. Істегі үш сотталушының бірі Ренат Абулханов «Air Astana» әуе компаниясының басшысы Питер Фостердің жұбайының өтінішімен әуе билетінің арзанға сатылатынын айтқан болатын. Оның бұл сөзінен соң Көлік прокуратурасы тергеуді бастаған.