Бас көлік прокуратурасы “Air Astana” мен “FlyArystan” компанияларын тексермек. Бұған компанияның бұрынғы топ-менеджері Ренат Абулхановтың ашық хаты себеп болды, деп хабарлайды Juzmedia.kz. Tengrinews.kz-ке сілтеме жасап.
Бас прокуратураның көлік саласындағы ведомствосы әлеуметтік желілерде жарияланған мәліметтерді назарға алып, Азаматтық авиация комитетіне Air Astana мен FlyArystan компанияларында тексеріс жүргізу туралы талап жолдаған.
“Әлеуметтік желіде “Air Astana” және “Fly Arystan” әуе компанияларында қаржыны жымқыру және заңдастыру деректеріне қатысты ақпарат жарияланды. Онда авиакомпания басшылығының тапсырмасымен топ-менеджерлердің туыстары мен өзге де тұлғалардың мүддесіне жеңілдетілген тарифпен әуе билеттері рәсімделгені айтылған. Келтірілген уәждерді тексеру мақсатында Бас көлік прокуратурасы Азаматтық авиация комитетіне екі компанияның қызметін тексеру жөнінде талап жолдады», – деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Ренат Абулханов қазір бір жылдан астам уақыттан бері қамауда отыр. Ол өз хатында тағылған айыптарды мойындамай, қылмыстық істі корпоративтік жанжалдың салдары деп сипаттайды. Оның айтуынша, “FlyArystan” компаниясының IPO-ға дайындық кезеңінде өзіне және бөлімшесіне “қаржылық көрсеткіштерді асыра көрсету» жөнінде нұсқау түсіп, қысым жасалған.
Абулхановтың жазуынша, ол бұл талаптан бас тартқан соң, басшылықтың көзқарасы өзгеріп, артынан қызметтен шеттетіліп, қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ ол төмен тарифпен билеттерді рәсімдеу компания ішіндегі қалыптасқан тәжірибе болғанын айтады.

«Бұл билеттер басшылықтық өтінішімен, олардың туыстары үшін рәсімделді. Билет құны тікелей авиакомпанияның есепшотына түсіп отырды», – деп жазады ол.
Хатта келтірілген жазбалардан белгілі бір рейстерде ең арзан билеттердің нақты адамдар үшін арнайы уақытта сатылымға шығарылғаны аңғарылады. Бұл өзге жолаушылардың орынсыз қалу қаупін арттырғаны да айтылған. Сонымен қатар экс-менеджер әдейі овербукинг қолданылған болуы мүмкін екенін меңзейді, алайда бұл деректер әзірге ресми түрде расталмаған.

“FlyArystan” компаниясы жағдайға байланысты пікір білдіруден бас тартты. “Сот үкімі шыққанға дейін сот процесіне қатысты түсініктеме бере алмаймыз”, – деп жауап берген. “Air Astana” да әзірге үнсіз.