Қазақстанның жеңіл атлетика федерациясында басшылық ауысты. Олимпиада чемпионы Ольга Рыпакова федерация президенті қызметінен кетті, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Оның орнына федерацияны «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясы басқарма төрағасы Асхат Хасенов басқармақ. «ҚазМұнайГаз» АҚ баспасөз қызметі бұл мәліметті растады.
Осылайша, 2012 жылғы Олимпиада ойындарының чемпионы Ольга Рыпакова федерацияны басқарғанына екі жыл толмай қызметінен кетті. Ол бұл лауазымға 2024 жылдың желтоқсанында тағайындалған еді.
Рыпакова федерациядан толық кетпейтінін айтты.
«Мен федерациядан кетіп жатқан жоқпын, жұмысымды осы құрылымда жалғастырамын», – деді ол.
Асхат Хасенов 2024 жылғы 29 мамырда «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы болып тағайындалған. Ол Қаныш Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық университетін «мұнай және газ ұңғымаларын бұрғылау» мамандығы бойынша, сондай-ақ Халықаралық бизнес университетін «менеджмент» бағыты бойынша тәмамдаған. 2022–2024 жылдары энергетика вице-министрі қызметін атқарды.