АҚШ президенті Дональд Трамп Мексика аумағындағы есірткі картельдеріне соққы беруді жоспарлап отырғанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Fox News арнасына берген сұхбатында айтты, деп хабарлады Juzmedia.kz.
Трамп АҚШ-қа теңіз арқылы келетін есірткі тасымалының 97% тоқтатқанын, енді құрлықтағы картельдерді нысанаға алатынын айтты.
«Біз қазір картельдерге құрлықта соққы бере бастаймыз. Бұл картельдер күллі Мексиканы басқарып отыр», – деді Трамп. Алайда ол алдағы жоспарлардың егжей-тегжейін нақтылаған жоқ.
Ал Мексика президенті Клаудия Шейнбаум АҚШ-тың өзге елдердің ішкі ісіне араласуын айыптады.
«Біз басқа елдердің ішкі ісімізге араласуына зілді-кесілді қарсымыз. Тек сол елдің халқы ғана өз болашағын құра алады, өз жолын таңдай алады, өз табиғи ресурстарына егемендік жүргізе алады және басқару формасын еркін анықтай алады», – деді Шейнбаум.