homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Заңсыз ұтыс ойынын ұйымдастырғандар айыппұл арқалады

09.01.2026, 15:23

2025 жылы Қазақстанда заңсыз ұтыс ойындарын өткізгені үшін 121 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Туризм және спорт министрлігіне қарасты Ойын бизнесі мен лотереяны реттеу комитеті жазды, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Комитет мәліметінше, айыппұлдың жалпы сомасы 49,9 млн теңгені құраған. Заңсыз қызметпен айналысқан азаматтарға ескерту хаттары жолданып, бірқатары айыппұлды өз еркімен төлеген.

«Хаттама шешімімен келіскен жағдайда құқық бұзушылар айыппұлды өз еркімен төлейді. Келіспеген жағдайда іс сотқа жолданып, белгіленген тәртіппен қаралады», – деп түсіндірді комитет өкілдері.

Ведомствоның ресми сайтында әлеуметтік желілерде ұтыс ойындарын өткізген аккаунттардың тізімі жарияланған.

Еске салайық, Қазақстанда лотерея операторы болып танылмаған тұлғаның лотерея өткізуіне тыйым салынады. Мұндай жағдайда жеке тұлғаларға 100 АЕК, ал шағын кәсіпкерлік субъектілеріне 300 АЕК айыппұл қарастырылған. Егер заңбұзушылық бір жыл ішінде қайталанса, айыппұл мөлшері жеке тұлғалар үшін 200 АЕК-ке, кәсіпкерлер үшін 750 АЕК-ке дейін өседі. Заңсыз қызметтен түскен табыс толықтай тәркіленеді.

Комитет лотерея мен ұтыс ойыны заң тұрғысынан екі бөлек ұғым екенін еске салып, азаматтарды әлеуметтік желілердегі күмәнді ұтыс ойындарына қатыспауға шақырды.