Атырау қаласының тұрғындары қаңғыбас иттердің көбейіп кеткенін айтып шағымдануда. Ата-аналар балалары үшін қауіптенеді, себебі аула маңы мен балалар алаңында топ-тобымен жүрген иттер ештеңеден қаймығар емес. Ал, әкімдік ит аулауға асығар емес, себебі қаңғыбас жануарларды аулайтын компаниямен келісім шарт жасаспаған, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
«Қайда барсаң да, қайда қарасаң да қаңғыған ит көп. Түнде үрген дауыстан ұйқы жоқ, балалар сыртқа шығудан қорқады. Бұған кім жауапты екенін, мәселе қашан шешілетінін түсінбей отырмыз», – дейді қала тұрғыны.
Қалалық әкімдіктің мәліметінше, 2025 жылы қаңғыбас жануарларды аулау және олардың санын реттеуге 129,1 млн теңге бөлінген және бұл қаражат толық игерілген. Әкімдік өкілдері мердігер ұйыммен жасалған келісімшарттың 2025 жылдың соңында аяқталғанын, жақын уақытта жаңа келісім жасалып, ит аулау жұмыстары қайта басталатынын хабарлады.