homepage
фото: ашық дереккөзден

Әлжуаз әкесін ұрып өлтірген түркістандыққа қатысты сот отырысы басталды

09.01.2026, 12:10

​Түркістан облысында әкесін ұрып өлтірген 41 жастағы Алмас Садақбаевқа қатысты сот отырысы басталды. Ол «дәрменсіз адамды қинау» және «денсаулыққа қасақана зиян келтіру» баптарымен айыпталып жатыр, деп хабарлайды Juzmedia.kz. 

Түркістан облысы, Шардара ауданына қарасты Қоссейіт ауылының тұрғынының өз ауласында әкесін сабап жатқан видеосы тамыз айында тараған. Әкесін балағаттап, дәрменсіз қарияны сүйреп жүріп ұрғанын көршісі түсіріп алған. Баласынан зәбір көрген 70 жастағы Есіркеп Садақбаев көп өтпей қайтыс болды. Оның ұлы Алмас Садақбаев Мәдениет үйінде жұмыс істеп, тіпті мешітте азаншы болған Көп ұзамай ол әйелімен бірге қамауға алынды. Алайда, Шардара ауданы прокурорының орынбасары Нұрмахан Елшібаевтың айтуынша, тергеу барысында оның әйелінің айыбы дәлелденбей, жазадан босатылған. 

«Бұл – қоғамдық резонанс тудырған іс. Оған түрткі болған бейнежазба. Іске тіркелген 3 бейнежазба бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүрді. Негізі айыбы бейнежазбамен дәлелденді. Онда қандай дене жарақаттарын салғаны көрінеді. Сонымен бірге сотқа дейінгі сот-медициналық сараптама жүргізу үшін эксгумация жасалды»,  – дейді прокурордың орынбасары. 

Елшібаев айыпталушының қайтыс болған әкесінің мәйітінен дене жарақаттары анықталғанын жеткізді. Нақтырақ айтқанда, қабырғасы, мұрны сынған. 

Алмас Садақбаев  кінәсін толық мойындап, өкінетінін айтқан.