Метеорологтардың мәліметінше, солтүстік-батыстан жылжыған циклон Қазақстан аумағына қар мен жаңбыр алып келеді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
10 қаңтарда батыс өңірлерде, 11 қаңтарда солтүстік-батыста, солтүстікте және орталықта, ал 12 қаңтарда шығыста жауын-шашын болады. Түнгі уақытта қар жауып, жаяу бұрқасын жүріп, көктайғақ болуы ықтимал.
11 қаңтарда Қостанай және Солтүстік Қазақстан облыстарында қалың қар жауады. Елдің оңтүстігінде 10–12 қаңтар аралығында, ал оңтүстік-шығыста 12 қаңтарда жаңбыр жаууы ықтимал. Республика бойынша кей жерлерде тұман түсіп, жел күшейеді.
Температураға келсек, 11 қаңтарда солтүстік пен орталық өңірлерде, 12 қаңтарда шығыста күндіз ауа температурасы -3 пен +3 градус аралығында болады.
Бұған дейін синоптиктер қаңтар айы жылы болатынын хабарлаған. Орташа температура республика бойынша әдеттегіден 1–2 градусқа жоғары болады деп болжануда.