Дональд Трамп жаңа саясатының шаблоны ретінде “Проект 2025” бастамасын қолдануы мүмкін деген болжам көп. Бұл бастаманы Уашиңтондағы Heritage Foundation талдау орталығы әзірлеген. Дегенмен сайлауалды науқаны кезінде бастауында кім тұрғаны белгісіз жобадан алыстағанын мәлімдеген. Алайда зерттеулер бұл жобаны әзірлеуге Трамптың бұрынғы әкімшілігінде қызмет еткен 140-тан астам адам қатысқаны анықталды.
Алдымен Америка!
Әлбетте, жаңашыл Трамп қазіргі президент Джо Байденнің саясатынан мүлде басқа саяси вектор таңдауы ықтимал. Трамптың саясаттан бұрын кәсіпкерлікпен айналысқанын ескерсек, экономикаға үлкен мән беретіні сөзсіз. АҚШ саясатының әлемдік аренадағы маңызы сөз болғанда “Америка түшкірсе, барлық әлем ауырады” деген қалжың ойға оралады. Трамп сайлауалды науқаны барысында-ақ алдымен ішкі мәселелер мен экономиканы тұралатуға мән беретінін айтқан. АҚШ экономикасының жаңа деңгейге көтерілуі, әлбетте, әлем үшін жаңа мүмкіндіктер ашады. Бұл ретте қор биржасы мен сауда нарығы кеңейіп, жұмыс күшіне сұраныс артуы мүмкін. “Сіздердің қолдауыңызбен елімізге күш, даму мен мақтанышты қайтарамыз. Бұл – Америка тарихындағы жаңа алтын ғасырға айналмақ”, - деді Трамп.
АҚШ-қа кіру қиындатылады
Сыртқы саясат мәселесіне келгенде, Трамп пен қазіргі президент Байденнің көзқарасы әртүрлі. Дональд Трамптың изоляция саясаты АҚШ-қа виза алу, көшуді қиындатып, елдегі мигранттардан құтылуға тырысатыны сөзсіз. Изоляция саясаты тек физикалық миграциядан бөлек, шетелден тауар әкелу, импорт бағасын қымбаттату сияқты жаңа ережелерде де байқалмақ.
Өткен аптада Трамп келешек әкімшілігінде жауапты қызметке тағайындалатын екі адамның атын атады. Оның бірі – Трамптың алғашқы президенттігі кезінде иммиграция мен шекара қызметінің директоры қызметін атқарған Том Хоман. Ол кезінде иммицграцияға қатысты қатаң тәртібімен танылған, халық оны екінші кезеңде “шекара ханына” айналады деп жатыр. Трамп биыл жыл басында TIME журналына “босқындарды қуу үшін әскер қолданғанда тұрған ештеңе жоқ” деген болатын. Бұл жаңа әкімшілік депортация мәселесіне келгенде мейірім таныта қоймайтынын білдіреді. Өйткені Трамптың алғашқы президенттігінде 3000-нан астам иммигрант баланы отбасынан ажыратқан еді. Былтыр CNN арнасына берген сұхбатында “Отбасы АҚШ-қа келгенде ажырауы мүмкін екенін білсе, АҚШ-қа келмейтін болады” деген еді. Сондықтан қызметіне кірісе сала құжатсыз жүрген иммигранттарды депортациялаудан бастамасына кепіл жоқ. АҚШ Ішкі қауіпсіздік министрлігінің статистикасына сүйенсек, елде 11 миллионнан астам заңсыз жүрген иммигрант бар.
АҚШ Халықаралық ұйымдардан шығуы мүмкін
Дональд Трамптың халықаралық қауымдастықтарды құптамай, күмәнмен қарайтынын алғашқы кезеңінде-ақ түсіндік. Өйткені алғашқы президенттігінде ЮНЕСКО-дан, Иран атом келісімінен, Париж келісімінен бас тартты. Байден президенттікке келген соң халықаралық ұйымдарға АҚШ әсерін қайтаруға тырысқан еді. Дегенмен сарапшылар Трамп бұл жолы да НАТО және басқа да ұйымдардан шығып, Украина-Ресей соғысындағы Украинаны қолдауды азайтып не мүлде тоқтатуы мүмкін деген пікір айтады. Дәл осы тұста Байден саясатын жалғастырып, шетелдегі конфликтілерден АҚШ әскерін шығаруды қолға алуы мүмкін деген пікір бар.
Қытаймен серіктестік орнамайды
Дональд Трамп алғашқы кезеңде Қытайға қарсы қатал саясат ұстанған еді. Оның кабинеті Қытайға серіктес емес қарсылас ретінде қарағандай. Сол себепті Қытай көп бөлігін өзінің иелігінде деп санайтын Оңтүстік Қытай теңізінде “еркін кеме қатынасы” бойынша жаттықтыруды күшейтті. Ал АҚШ болса Қытайдан келетін тауарларға салықты арттырды. Байқасаңыздар, Трамптың бұл саясатын Байден де қолдап, тіпті одан да қатал саясатқа көшті. Трамп белгілеген тарифтерді өзгертпей, қытайлық электрокарларға 100 пайыз салық салып, Қытайға пайда әкелуі мүмкін америкалық компанияларға Қытайға инвестиция құюға қатаң тыйым салды. Сондықтан жаңа кезеңде Қытайға қатысты жаңашылдық күтпеуге болатын сыңайлы.
Израильді қолдау жалғасады
Таяу Шығыс мәселесіне келгенде Трамп Байден саясатын жалғастыруы мүмкін деген болжам көп. Джо Байден Израиль үкіметі басшысы Нетаняхуға Газа секторы мен Ливандағы әрекеттерге қатысты толық еркіндік берген. Трамптың бұл векторды өзгертуіне қарағанда жалғастыруына ықтимал көп. Өйткені Трамп өзі президент болып тұрғанда Израильдің Батыстағы жерін заңсыз кеңейтіп алуына қатысты еш реакция білдірмеген еді. Осы ретте алдағы жылдары Иранмен де арақатынас жақындаса қоймас. Сарапшылар Трамп кабинеті керісінше Иранға қарсы санкцияларды күшейтіп, мұнай саудасына шектеу қоюға тырысады деген болжам айтады.
Украина-Ресей соғысын тоқтатуға бейіл
Трамп сайлауалды науқаны кезінде жеңіске жетсе, әлемдегі соғыстарға тоқтау қоюға уәде берді. Тіпті Украинадағы соғысты бір күнде аяқтаймын деген-ді. Соғыс басталғалы бері екі елдің де айтарлықтай жапа шеккені, ресурстарының азайғаны анық. Одан бөлек өткен айда АҚШ Конгресінің Зерттеу қызметі жариялаған есепте ұрыс алаңында жүрген украиналық әскердің орташа жасы қырықта екені хабарланған. Сонымен қатар Украина да республикалықтар басқаратын Конгрестің соғысты қаржыландыруға миллиардтаған қаржы бөлмейтінін түсінеді. Трамптың ұлы дипломат болуға деген амбициясын ескерсек, Украина-Ресей арасында келісімге келе алуы ғажап емес. Ортақ келесім аясында Қырым Ресей территориясында қалып, Украина шығысындағы аймақтардың кері қайтарылуымен аяқталуы мүмкін. Бостон колледжінің саяси ғылымдар профессоры Питер Скерри Мәскеу мен Киев арасындағы келісім “Укранина үшін тиімсіз болуы мүмкін” деген пікір білдірді.
Авторы: Светлана Ғалымжанқызы
«Juzmedia» - ақпараттық-ағартушылық портал. Қазақ қоғамының өсуі, өзгеруі тұсында болып жатқан құбылыстарды мүлт жібермейтін сенімді ақпарат көзі. Атауына қатысты түсініктеме бере кетсек: Елде болып жатқан әр іс-әрекеттің сыртында адам, адамның бет-бейнесі, ЖҮЗІ бар. Яғни, жауапкершілігі, ар-ожданы деген сөз. Мейлі қарапайым адам, мейлі шенеунік осы түсінік аясынан алшақтамаса.