homepage
Фото: Ашық дереккөзден

Қандастарға талап күшеймек

08.01.2026, 16:48

Қазақстанға келетін қандастарға талап күшеймек. Енді олар қоныс аудармас бұрын алдын ала іріктеуден өтеді. Және еңбек күші қажет сегіз аймаққа ғана қоныстанып, бес жыл табан аудармай отыруы қажет. Егер басқа өңірге көшсе, мемлекет берген жеңілдіктерін қайтарып алады, деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Бұл туралы 2030 жылға дейінгі көші-қон саясаты тұжырымдамасын түсіндірген Премьер-министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева баяндап берді. 

Министрдің айтуынша, 2026 жылғы қаңтардан бастап көші-қон саласында жаңа тәртіп қолданысқа енгізіледі. Шетел азаматтары, соның ішінде этникалық қазақтар Қазақстанға қоныс аудармас бұрын алдын ала іріктеуден өтеді. Бұл рәсімге мемлекеттік тілді білуге арналған тест, цифрлық сауалнама, уәкілетті органдардың тексеруі және жеке әңгімелесу кіреді.

«Мемлекеттік жеңілдіктер мен қолдау бағдарламаларын пайдалану үшін қандас мәртебесін рәсімдеп, еңбек күші тапшы өңірлерге қоныстану қажет. Бұл – Ақмола, Абай, Қостанай, Павлодар, Атырау, Батыс Қазақстан, Шығыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары. Өңірлік квотаға енген қандастар көшіп келген кезде бес жылға әлеуметтік келісімшарт жасайды. Мемлекет көшуге, баспана табуға және жұмысқа орналасуға қолдау көрсетеді. Егер отбасы бес жыл өтпей басқа өңірге көшсе, алған көмекті кері қайтаруы тиіс», – деді Аида Балаева.

Сонымен қатар, министр балама мүмкіндік те қарастырылғанын атап өтті. Мемлекеттік қолдаудан бас тартып, жалпы тәртіппен тұрақты тұруға рұқсат алған азаматтар ел ішінде өз қалауынша өңір таңдай алады.

Аида Балаеваның айтуынша, жаңа көші-қон саясаты кезең-кезеңімен енгізіледі. Бұл процесте қоғамның, бизнестің және өңірлердің пікірі ескеріледі. Заңды құрметтейтін, талаптарға сай келетін азаматтарға басымдық беріледі.