2025–2026 оқу жылының үшінші тоқсанынан бастап Алматыдағы бірқатар мектеп Kundelik.kz платформасын пайдалануды тоқтатпақ. Қалалық білім басқармасы осы шешімге қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды Juzmedia.kz.
Басқарманың мәліметінше, жаңа жүйені таңдау кезінде деректердің қауіпсіздігі негізгі талап ретінде қарастырылған. Соның нәтижесінде мектептерде BilimClass платформасы енгізіліп жатыр.
«Бұл – толықтай қазақстандық өнім. Серверлері ел аумағында орналасқан, тегін мобильді қосымшасы бар және деректердің құпиялылығын қамтамасыз етеді», – деп түсіндірді басқарма өкілдері.
Жаңа жүйе барлық мектепке бірден енгізілмес бұрын Алматыдағы 15 білім ордасында сынақтан өткен. Платформаға көшу қысқы каникул кезеңіне жоспарланған, осы уақыт ішінде мұғалімдер арнайы оқытудан өткен.
BilimClass арқылы ата-аналар мен оқушылар сабақ кестесін, үй тапсырмасын, сабаққа қатысуды және бағаларды мобильді қосымша арқылы көре алады. Ал мұғалімдер үшін күнтізбелік-тақырыптық жоспарлау, қашықтан сабақ өткізу, интерактивті материалдар, сондай-ақ оқушылармен кері байланыс құралдары қолжетімді.
Алматы білім басқармасының дерегінше, бұл платформаға қазірдің өзінде Қазақстанның 11 өңірінде шамамен 2,5 миллион оқушы мен 350 мыңға жуық мұғалім көшкен. Алматы осы шешімді қабылдаған 12-өңір болып отыр.
Өткен айдың бел ортасында Kundelik жүйесінен мыңдаған қазақстандық оқушының деректері тарап кеткен болаты. Ресейдің «Дневник.ру» сервисінің аналогы саналатын порталда оқушының аты-жөні, туған күні, оқитын мектебі мен сыныбы туралы ақпараттар сақталған. Қауіпсіздік талаптарын бұзғаны үшін Kundelik компаниясына 750 АЕК (шамамен 2,9 млн теңге) көлемінде айыппұл салынған болатын.