homepage
Фото: Ашық дереккөзден/Көрнекі сурет

Түркістан облысында субсидия жымқырғандар сотталды

08.01.2026, 15:44

Түркістан облысында ауыл шаруашылығын қолдауға бөлінген бюджет қаржысын жымқыру дерегі бойынша бірнеше адам сотталды. Бұл туралы Бас прокуратура жазды деп хабарлайды Juzmedia.kz.

Прокуратураның мәліметінше, қылмыстар 2020–2023 жылдар аралығында жасалған. Тергеу барысында жосықсыз кәсіпкерлер ветеринарлық бақылаудағы кемшіліктерді пайдаланып, мемлекеттік субсидияларды заңсыз алғаны анықталды. Нақтырақ айтқанда, бірқатар шаруа қожалықтары үшінші тұлғаларға бұрын сатылған малды өз иелігінде бар деп көрсетіп, «Ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру» ақпараттық жүйесіндегі деректерді заңсыз қолданған.

«Шаруа қожалығы бұрын сатылған 440 бас ірі қара мен 5 088 бас ұсақ мал бойынша жалған мәлімет енгізіп, субсидия рәсімдеген. Соның салдарынан мемлекетке келтірілген жалпы шығын 271 млн теңгені құрады. Кінәлі тұлғалар 5 жылдан 6 жыл 6 айға дейін бас бостандығынан айырылды», – делінген ресми хабарламада.

Қылмыстық істі арнайы прокурорлар тергеген. Сот үкімімен мемлекет кірісіне 140 млн теңге өндірілді.

Тексеру қорытындысы қаржы жымқыру деректерінің туындауына ветеринарлық қызмет тарапынан тиісті бақылаудың болмауы себеп болғанын көрсетті.